Воскресенье, 20 Август 2017 16:23

Ұлттық-демократиялық мемлекет құру тұжырымдамасы

Халық өкілдерінің 2013 жылғы 23 қарашада өткен құрылтайында бекітілген



Сөзбасы

Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Билік қашанда халыққа тәуелді болуы керек. Бұл басты қағидат Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының негізгі ережелерінен туындайды. Егер мемлекет ұстанып отырған саясат қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін болса, мемлекет құрушы ұлт сол саясатты өз мүддесіне қарай бағыттаудың барлық өркениетті мүмкіндіктері мен тетіктерін пайдалануға құқылы.
Елімізде қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани жағдай ұлттық-демократиялық саясат жүргізудің, ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың аса қажеттігін айқындап отыр.

Ұлттық-демократиялық мемлекет дегеніміз не?

Демократия – жалпы халық мүддесіне қызмет ететін саяси режим. Тек демократиялық мемлекетте халық құқығы толыққанды іске асырылады, азаматтардың елді басқару ісіне қатысуы қамтамасыз етіледі, тәуелсіздік, әділдік пен ақиқатқа негізделген сөз бен абырой бостандығы сақталады. Демократиялық режимнің басты белгісі – адал және әділетті сайлау. Демократияның негізгі белгісінің бірі – көпшілік сайлаушылардың таңдауы, біздің жағдайымызда бұл қазақ халқының талап-тілегі. Қазақ жерінде ұлттық мемлекет құрудың басты құралы тек демократия бола алады.

Тарихи қазақ жері аумағы, экономикасы, тілі мен ұлттық мәдениеті ортақ қоғамда қалыптасқан, мұндай мемлекеттің басты құралы – тек демократия бола алады, жалпы ұлттық мүдде негізінде демократиялық мемлекет құрылады. Саяси және этникалық шекараның қалыптасуы қазақты ұлт ретінде ұйыстырды. Мемлекет құра білуі саяси ұлтқа айналдырды.

Мемлекет құрушы ұлт мәртебесі қазаққа мемлекетті дамытуда, заманауи Қазақстан жерінде қоғам қалыптастыруда басымдық береді. «Біріккен Ұлттар Ұйымының байырғы тұрғындардың құқықтары туралы декларациясының» 32-бабына сәйкес «байырғы тұрғындар басымдылықтарды анықтауға және өз жері немесе оның аумағын және басқа да ресурстарды игеру не пайдалану стратегиясын әзірлеуге құқылы». Демократия заңы бойынша Ұлттық-демократиялық Қазақ Республикасында барлық этностардың өркениетті және заңды мүдделері ескерілетін болады!

Ұлттық демократия – отарлық тәуелділіктен құтқаратын мемлекет идеологиясы. Ұлттық-демократиялық мемлекет – байырғы ұлттың мүдделерін демократиялық жолмен қорғауға негізделген саяси институт. Ұлттық-демократизм қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау кезінде туындаған мәселелерді бейбіт, өркениетті жолмен шешуге шақырады.

Қазақ жері Қазақ халқы мен оны мекендейтін диаспоралардың ортақ үйіне айналғаны тарихи шындық. Диаспоралар мен түрлі ұлт өкілдері Қазақ халқының айналасына шоғырланып, Қазақ Республикасының келешегіне бірге қызмет етеді.

Ұлттық-демократиялық идея қалыптастырудың алғышарттары

Жас Қазақ мемлекетінде Отарсыздандыру үдерісі жүрген жоқ. Сондықтан қоғамда кеңестік кезеңдегі орыс тілінің үстемдігі әлі күнге жалғасып отыр. Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатына көрші Ресей Федерациясының ықпалы жылдан жылға күшейіп келеді. Ұлттық идеологияның жоқтығынан Қазақстан Кедендік одақ сияқты экономикалық бодандықтан құтылудың орнына Еуразиялық экономикалық кеңістік құру желеуімен Ресейдің саяси бодандық торына түсіп барады.

Қазақстанның заманауи банктік жүйесі батыстың қаржылық институттарының долларлық кредиттерін қайта сатумен ғана айналысып келеді. Еліміз доллар басып шығаратын станокқа тәуелді және түрлі мафия құралыптас халықаралық күштердің айналысында жүрген елдердің қатарынан орын алды. Қазақстанның қазіргі ұлттық қауіпсіздік жүйесі қазақтардың ұлттық мүддесін қорғауға ниетті емес.

Қазіргі уақытта көптеген қазақтар өте күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды басынан өткізуде және өзінің ата қонысында құқығы тапталған этносқа айналды. Жалпы алғанда, мемлекеттің, қазақ мемлекетіндегі басқа да этностардың берекесі мемлекет құраушы халықтың материалдық жағдайымен тығыз байланысты болуы тиіс. Осы мәселенің бой көтеруінің өзі қазіргі биліктің қазақ халқын қандай деңгейге жеткізгенін көрсетсе керек.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда қазақтар ұлт ретінде жойылып кетудің алдында тұр, оған биліктің және басқа да күштердің «қазақстандықтар» деген жаңа ұлт құруға деген талпынысы себеп болуда. Мемлекетімізде толыққанды демократияның салтанат құрмауы осындай олқылықтардың пайда болуына жағдай жасады. Мемлекет құрушы халықтың – мемлекетіміздегі негізгі ұлт болып саналатын қазақтың мүддесін қазіргі билік қаперіне де ілмейді. Биліктегі үкімет жаңа тәуелсіз қазақ мемлекетін қалыптастырудың стратегиялық магистралін; қазақтың ұлттық мүддесін қорғау және іске асырудың идеологиялық негізін қалай алмады.

Осылайша, ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың барлық алғышарттары қалыптасты.

Біріншіден, жаңа қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігіне қауіп төнгені анық байқалады.

Екіншіден, қазіргі мемлекеттік саясат мемлекет құрушы халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мүдделеріне қайшы келеді.
Үшіншіден, жоғарыда аталған барлық мәселелерді түпкілікті шешу үшін «Қазақ Республикасы» ұлттық-демократиялық мемлекетін құру қажеттілігі туындады. Бұл ұстаным қазақтардың ұлттық мүддесіне кереғар «қазақстандықтар» деген ұғымды түбегейлі жояды.

Осындай тығырыққа тірелген сәттерде халық өзін өзі сақтап қалу жолдарын іздестіре бастайды. Қоғамда өзінің ұлттық мүдделеріне сай келетін идеяларға сұраныс туындайды. Ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың стратегиялық міндеті нақ осы идея болып табылады, ол мемлекет құрушы ұлттың мәдениетін, рухани бірлігін сақтауға және дамытуға, оның мүддесін демократиялық жолмен қорғауға мүмкіндік береді.

Ұлттық-демократизмнің тарихи сабақтастығы

Демократия сонау Қазақ хандығынан бастау алатын қоғам мен мемлекет құрылымының белгілі бір бөлігі болып табылатын ежелгі саяси институт болып қалыптасқан. Қазақ хандығының демократиялық ұстанымдарын барлық ғылыми қауымдастық мойындаған және ол «дала демократиясы», «әскери демократия» деген атаулармен таныс болған. Алғашқы хандарымызды халықтың беделді өкілдері сайлаған. Бастапқы қазақ мемлекетінің өміріндегі маңызды, стратегиялық мәселелер жалпыхалықтық жиналыс – құрылтайларда шешіліп отырған.

Қазақ хандығының бастауында «дала еркіндігі» демократиялық саяси идеясының іргетасы тұр. Нақ осы тәуелсіз болу және өз қоғамы мен мемлекетінің мәселелерін өз қалауымен шешуге тырысу бірқатар рулар мен тайпалардың «қазақ» деп аталатын бірегей саяси ұлтқа айналуына негіз болды.

Дала еркіндігі идеясы осылайша, біздің ата-бабамыздың ұлттық тұтастығының басты саяси тірегі болды. Сондықтан, саяси бостандыққа ие болу жолындағы қозғалыс пен «Қазақ» ұлтының құрылуын тарихтағы қазақ ұлтшылдығының қайнар көзі деп бағалаған жөн. Осыдан барып, Қазақ хандығын ұлттық-демократиялық қағидатқа негізделген алғашқы қазақ мемлекеті деп қарастыруға болады. Бұл тұрғыда ұлт демократтарының бүгінгі құрылтайын алғашқы қазақ мемлекеттілігінің саяси негізінің тарихи мұрагері деп атауға болады.

Қазақ Республикасының ұлттық-демократиялық қозғалысы «Алаш» партиясының негізгі идеяларын ұстанатын болады. 1917 жылғы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал, Отанды сатуға да, шетелдіктерге жеке меншікке беруге де болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни, бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеуірінді танытады.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші ұстаным: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

Бесінші ұстаным: түпкі мақсат - тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, алдыңғы қатарлы елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Ұлттық даму мен тұтастықтың негізі - конституциялық мәртебе, тіл, дін, жер және экономика.

Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың – Қазақ халқының конституциялық мәртебесін ресми түрде қайтару, ұлттық-демократиялық мемлекет құру бағытына бет бұру басты мәселе.

Тіл. Тәуелсіздік алған жиырма бір жылдың ішінде мемлекеттік тіл мемлекеттік құрылымның негізгі тіліне айнала алмады. Оның негізгі себебі мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың дәрменсіздігі және құлықсыздығы деп түсінген жөн. Оны мемлекет құрушы ұлтқа деген қиянат деп бағалауға болады. «Мемлекеттік тіл туралы» заңның орындалмауы, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс істемеуі, мемлекет саясатының орыс және ағылшын тілдерінің мүддесін ашық қорғауы мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясының тарылуына алып келді.

Мемлекеттік тілді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының орындалмауы оның жаппай қолданысқа енгізу мерзімін кейін шегере берді.
Бүгінгі таңда қазақ тілі орыс тілінің ықпалынан шыға алмауымен қатар ағылшын тілінің бодауына айналып барады. Тілі әлі шықпаған балаға бала бақшадан, бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету – қазақ тілінің жойылуына апаратын төте жол. Оған көз жұмып қарауға болмайды.
Дін.

Мемлекет құраушы ұлттың тарихи діні – ислам. Қазіргі таңда қазақ жеріндегі исламның тұрақтылығына қауіп төніп отыр. Кейбір алпауыт мемлекеттердің бүкіл әлемдік геосаясаттағы орны мен ұстанған саясатының нәтижесінде ислам діні терроризм мен діни экстремизмнің бастауы ретінде қарастырылатын болды.

Терроризм, діни экстремизммен күрес табиғи қазба байлықтары мол мемлекеттерді отарлау мен өз ықпалына көндіру құралына айналды. Империалистік демократияны дамушы, әлсіз мемлекеттерге тықпалау арқылы олардың экономикасына ие болу саясаты қызу жүргізілуде. Дамушы мемлекеттерге қысым жасау мен соғыс ашудың бір жолы – діни экстремизммен күрес сылтауы. Бұл геосаяси тасқын жолында тұрған дамушы мемлекеттердің діни, сенім-наным бостандығына орасан зор озбырлығын әкелуде.

Қазақтардың түрлі діни бағытқа бой алдыруы, оның ішінде Ислам дінін ұстанатындардың бөлшектеніп, бір-біріне қарсы болуы үлкен қауіпті туғызады. Сондықтан қазақтар үшін исламның ханафит мазхабының дәстүрлі ұстанымдары негізінде бірыңғай мұсылман қауымдастығын құруға мүмкіндік жасау керек.

Жер. Жер мен жердің асты, үстіндегі байлық сол жерге ие мемлекеттің саяси да, экономикалық та тәуелсіздігінің кепілі. Жердің тұтастығын сақтау – «Қазақ Республикасы» ұлттық-демократиялық мемлекетінің тәуелсіздігін сақтаудың ең негізгі алғы шарты. Мемлекеттің қазба байлықтарын шет мемлекеттердің және шетелдік компаниялардың бақылауға алуы – сол мемлекеттің тәуелсіздігіне, мемлекеттік қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп. Ұлттық-демократиялық идея бұл мәселеде солқылдақтықты көтермейді.

Экономика. Қазіргі таңда біздің елімізде ресурстарымызды шетелдік компанияларға сату және қайта сатудан тұратын саудагерлік экономикалық саясат белең алып отыр. Биліктегі және биліктің айналасындағы топтар халық байлығы есебінен пайдаға кенеліп және оны мемлекеттен тыс жерлерге тасып кетуде. Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өндірісі деңгейінің төмендігі; ел өнеркәсібінің шикізат экспорттауға бағытталуы; сыртқы экономикалық қызметтегі екі тарап стандарттардың орын алуы отандық өнім шығарушылар, кіші және орта бизнесті құрдымға жіберіп отыр.
Мемлекеттің экономикалық саясаты бірінші кезекте отандық өнім өндірушілерді, оның ішінде ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталуы тиіс.
Осылайша, қазіргі қазақ жерінің күрделі түйіндерін шешу үшін ұлттық демократия идеологиясын пайдалану керек. Мемлекеттік саясат ұлттық-демократиялық мағынаға ұласуы тиіс. Осы мақсатта қоғам, нақты айтсақ, ұлт зиялылары, қоғам белсенділері, ұлт демократтары бірігіп, үлкен саяси күшке айналуы қажет.

ҰЛТТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ ОРНАТУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК.

Қазақ ұлттық-демократиялық мемлекеті басқару формасы бойынша – Республика. Басқарудың республикалық формасы жалпыға ортақ, тең, турашыл, әділ сайлау; билікті бөлісіп атқару; саяси демократиялық режим дегенді білдіреді.

Мемлекеттік құрылым – унитарлы, яғни, біртұтас және ажырамас аумағы бар бірыңғай мемлекет. Республикалық басқару президенттік-парламенттік аралас формада іске асуы керек. Халық және мемлекет атынан сөйлеу құқығы Президент пен Парламентке беріледі, әрі олардың конституциялық құзыретінің шеңберінде жүзеге асырылады. Олардың ешқайсысы да өз қалауынша әрекет ете алмайды, тек Конституция мен заңдар шеңберінде қызмет етуге құқылы. Мемлекеттік билік президенттік, заңнамалық, атқару және сот билігіне бөліне отырып, біртұтас болуы керек.

Бүгінгі таңда Президент бір қолға шоғырландыру арқылы мемлекеттік биліктің барлық тармақтарын уысында ұстап отыр.
Халық таңдап, сайлаған Президент пен Парламент биліктің жоғары органы ретінде қарым қатынас орнатып, биліктің бір жаққа қарай ауып кетуін болдырмас үшін парасатты табандылық пен қайшылықтар жүйесінің өзара әрекеттестігінен тұруы тиіс.

Президент – мемлекет басшысы, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтайды. Конституция нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады және саяси партия мүшесі бола алмайды.

Парламент – жоғары өкілеттілік және бақылаушы құзыреті бар жалғыз заң шығарушы орган болуы тиіс. Парламент депутаттарын сайлау бір мандатты округтағы мажоритарлы жүйе бойынша жүргізіледі.

Үкімет жоғары атқарушы орган болуы керек. Үкімет құрамын Парламент қалыптастырады. Үкімет Парламент алдында жауапты және Президентке есеп береді. Үкімет мүшелері саяси партияларға мүше бола алмайды.

Конституциялық кеңес Конституцияның сақталуын бақылайтын жоғары орган болуы және конституциялық сот ісін өз бетінше қорғау құқығы бар Конституциялық сотқа айналуы тиіс. Конституциялық сотқа өтініш беру субъектілері кең ауқымды болады.
Сот билігі шын мәнінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңдарға бағынады.

Мәслихаттар жергілікті бюджетті бақылау және әкімге сенімсіздік вотумын таныту құқығына ие болады.

Өңірлердің әкімдерін Республиканың Премьер-Министрі тағайындайды, оның алдында жауапты болады, халық пен Президентке есеп береді және саяси партияларға мүше болуға құқық берілмейді.

Аудандар мен басқа да деңгейдегі әкімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі халық сайлайды. Сайлаушылар алдында жауапты және өңірлік әкімдерге есеп береді, саяси партияларға кіре алмайды.

Жергілікті өзін өзі басқару жүйесіне жергілікті бюджеттен белгілі бір деңгейде қаржы бөліне отырып, нақты құзыреттілік беріледі.
Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең дәрежеде, қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың ісіне араласпайды, мемлекет қоғамдық бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды, мемлекет ісіне араласуы оларға мемлекеттік органдардың функциясын арту болып саналады.

ТІЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

Қазақ Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк ұйымдар мен мекемелерде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында тек мемлекеттік тіл қолданылуы тиіс.
Бала бақшалардағы тәрбие жұмыстары мен жалпы орта білім беру ісінде бастауыш сыныпта білім беру тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Жоғары сынып, жоғары білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ғана шетел тілдері оқытылады.

Қазақ Республикасында ұлттық мәдениеттің, өнердің, басқа да рухани-интеллектуалдық құндылықтардың дамуына жағдай жасалады.
Шетелдік ақпаратық экспансияға тосқауыл қояды. Теле-радио арналардың, кино және музыка компанияларының шет елдік жеке және заңды тұлғалардың иелік етуіне немесе басқаруға алуына жол берілмейді.

Мемлекет Қазақ Республикасындағы диаспораларға өзінің тілін, мәдениетін, өнерін дамытуға жағдай жасайды. Қазақ Республикасында адамдар мен азаматтардың мәдени және тілдік айырмашылығы бойынша құқығына қол сұғуға рұқсат берілмейді.

ДІН ЖӘНЕ РУХАНИЯТ

Қазақ Республикасында ар-ождан және діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі, тарихи, дәстүрлі діндердің дамуына жағдай жасалады. Тарихи, дәстүрлі діндерге жатпайтын діни секталардың жұмыс істеуіне тиым салынады.

Діни алауыздық туғызуға, діни экстремизмге тиым салынады –ондай әрекеттер заңмен қудаланады.
Қазақ Республикасы ұрпақ тәрбиесінде тарихи-ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, балалар мен жастардың бойында ұлттық рух, намыс, иман, ізгілік және атаны сыйлау, ананы құрметтеу сияқты бағыттарды ұстанады. Бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігіне үлкен талап қойылады.
Қазақ Республикасында «Ата өсиеті, әже тәрбиесі» доктринасының дамуына күш салады, оны бала және отбасын тәрбиелеудің темірқазығы ретінде қарастырады.

Қазақ Республикасында моральдық-өнегелік саланы дамыту біздің өткеніміз бен әлемдік мәдениеттің үздік үлгілерінің негізінде жүргізілуі тиіс. Моральдық тұрғыдан азғындаған «жоғары тап», «ақсүйек» өкілдерінің, жекелеген мемлекеттік шенеуніктердің қарапайым халықтың мүддесіне, үміті мен сұранысына салғырт қарауының дамып келе жатқан үрдісін жою қажет. Моральдық-өнегелік тазару үдерісіне тек білім беру мекемелерін тартып қана қоймай, барлық қоғамды, оның ішінде бизнес-құрылымдар мен мемлекеттік ұйымдарды жұмылдыру керек.

ЖЕР ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫНЫҢ БАЙЛЫҚТАРЫ

Жер мемлекеттің және Қазақ Республикасы азаматтарының меншігінде болады. Өзге елдің заңды және жеке тұлғаларына, азаматтығы жоқ адамдарға жер сатылмайды.

Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ ұлтына және Қазақ Республикасына қызмет етеді. Қазақ жерінің жер қойнауы мен табиғи ресурстарын саудаға салу саясатын тоқтату қажет.

Шет елдік заңды немесе жеке тұлғаларға жер он бес жылдан аспайтын мерзімге ғана жалға беріледі. Жерді жалға беру, оның мерзімін ұзарту немесе ұзартпау туралы шешім қабылдау Парламенттің құзіретінде болады.

Жер асты қазба байлықтарын игеру мен экспорттауды мемлекет жүзеге асырады.

Қазақ жері Арал мен Семейдегі алапат апаттардың салдарын тартты. Халқымыздың бірнеше буын ұрпағы Арал мен Семейдің айналасындағы экологиялық апаттардан зардап шекті. Республикамыздың басқа да өңірлері экологиялық апат салдарын аз тартқан жоқ. Осы зұлматтың қазақ жеріне жайылуын тоқтататын уақыт жетті!

ЭКОНОМИКА, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК

Қазақ Республикасы экономикалық жүйесінің ең негізгі ұстанымы әлеуметтік бай, қуатты қоғам құру болып табылады. Осы мақсатқа жетудің басты экономикалық құралы: мемлекеттік органдардың кәсіби біліктілігін, олардың қоғамның түрлі салаларын жоғары деңгейде дамыту мүмкіндіктерін арттыру; құрылымдалған экономика (экономиканың нақты бөліктерін дамыту шаралары, мұнай және басқа да шикізаттарды өндіру тәуелділігінен арылу); жаңа өндіріс орындарын және даярлау, қайта даярлау курстарын енгізу негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу; ғылыми негізі бар, жоғары технологиялы және басқа да қажетті алғашқы жобаларға, шағын фермерлік шаруашылықтарға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндңретін кәсіпорындарға пайызсыз несие беру арқылы қолдау көрсету; экономиканың, ауыл шаруашылығының шынайы секторлары шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін төменгі пайызбен несиелер бөлу.

Экономика саласындағы мемлекеттік саясат отандық және ұлттық ірі, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатын болады.
Отандық және ұлттық бизнес, орта және шағын кәсіпкерлік мемлекеттің қорғауында болады.

Қала құраушы, ірі кәсіпорындардың (мұнай, газ, қара және түсті метал, уран өндіруші) шет елдік жеке және заңды тұлғалардың иелік етуіне, басқаруға алуына тыйым салынады. Бұрын шет елдік жеке және заңды тұлғалардың иелік етуіне, басқаруына берілген кәсіпорындар мемлекетке қайтарылады.
Шет елдік жұмысшы күшін пайдалану Үкіметтің қатаң бақылауында болады және шет елдік жұмысшыларға отандық жұмысшыларға қарағанда қандай да бір артықшылықтар беруге (жалақысының жоғары болуына, әлеуметтік қамтамасыз ету мен қолдау ісінде) тиым салынады.

Ауыл шаруашылық кешенін дамыту, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдау ұлттық мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі саласы болып табылады. Бұл экономикалық саясат қазақтың дәстүрлі қоғамының алтын бесігі – ауылды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Осының есебінен біз Қазақстанның ауылдағы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын елеулі түрде жақсарта аламыз.

Ауыл шаруашылық кешенін дамытушы, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруші жеке және заңды тұлғаларға салықтық, қаржылық, әкімшілік-ұйымдастырушылық мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

Қазақ Республикасындағы қаржы институттарын шет елдік жеке және заңды тұлғалардың иелік етуіне, басқаруға алуына тиым салынады.
Қазақ Республикасы азаматтарының шет елдерде қаржы сақтауына, шет елдерде жылжымалы және жылжымайтын мүліктер ұстауына шектеу қойылады.
Ұлттық экономиканың дамуына, ұлттық мүддеге сай келмейтін қандай да бір халықаралық, мемлекетаралық экономикалық одақтарға, ұйымдарға мүше болуға жол берілмейді.

Үстемемен несие беруге шектеулер қойылады. Ұлттық қаржы жүйесін қалыптастыруда ислам қаржы жүйесі енгізіледі.
Ұлттық-демократиялық мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі орта топты дамыту және орта топ деңгейіндегі өмірді қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасында еңбек мүмкіндіктерін іске асыру үшін нақты жағдайлар жасау арқылы өзін өзі еңбекпен қамту саясатынан арылатын болады. Осыған орай мемлекет барлық қажетті алғышарттарды жасайды: жаңа өндірістер ашу; ақысыз кәсіби дайындық, қалауы барларды және КТУ оқуын төлей алмайтындарды арнайы курстарда және т.б. қайта даярлау.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазақ Республикасының сыртқы саясаты бейбітшілік, татулық, өзара келісім негіздеріне бағытталады. Қандай да бір мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнатуда, халықаралық құжаттарға қол қоюда ұлттық мүдденің сақталуына және қорғалуына басымдылық береді.
Қазақ Республикасының сыртқы саясатында Орта Азия елдерімен экономикалық және әлеуметтік-мәдени ықпалдастық орнатуға басымдық беріледі. Қазақ Республикасы түркітілдес мемлекеттермен тығыз саяси, экономикалық, мәдени, рухани-интеллектуалдық ынтымақтастық орнату бойынша өте көп күш жұмсауы керек.

Қазақ Республикасы шет елдердегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына барлық жағдай жасайды, қолдау көрсетеді.

ДЕМОГРАФИЯ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

Қазақ мемлекетінің табиғи негізі болып табылатын қазақ ұлтының санын артыру Қазақ Республикасының әлеуметтік-демографиялық саясатында басты басымдыққа ие болады. Бұл міндет Қазақ Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың басты құралы болып есептеледі. Солай десек те қазіргі биліктің ұстанып отырған саясатының салдарынан біздің шетелдегі қаншама қандастарымыз екі жылдан бері өзінің тарихи Отанына қайта алмай жүр.
Қазақ Республикасында көп балалы аналарға рухани-моральдық және материалдық көмек, қолдаулар мен көтермелеулер тұрақты жүргізіледі. Бала туылуына байланысты төленетін төлем құны артатын болады, отбасында 4 бала дүниеге келсе ипотекалық несиені жою енгізіледі, әлеуметтік аз қамтылған жас және көп балалы отбасылар тегін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Жастарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жобаларға қаражат құятын жеке және заңды тұлғалар үшін салық төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылатын болады.

Әлеуметтік әділдік қағидатын іске асыру кезінде Кеңес Одағының коммунистік жүйесінде орын алғандай, сіңірген еңбегінің мөлшеріне қарамай, кірісті теңестіріп бөлу саясатына айналып кетпеуі керек. Адамдардың еңбектегі, бизнестегі жетістігі ешқандай жағдайда да қайта қаралмайды және экспроприацияланбайды – заңды жеке меншік, жеке еңбек жетістігіне қол сұғылмайды.

Барлық жеке, бюджеттік ұйымдар, мемлекеттік органдар қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық және басқа да құқықтарын шектегені үшін жауапкершілікке тартылады.

Ұлттық-демократиялық Қазақ Республикасында ешқандай шектеусіз барлық азаматтарға элитарлы орта және жоғары білім сапасы мен стандарттарына қол жетімді болады. Осы орайда білім алуға ынталы дарынды азаматтарға ерекше басымдылық беріледі. Білім деңгейі бойынша қашықтық айырмашылығы, халық тобының бай мен кедей арасындағы құқықты қорғау саясаты мен идеологиясы мүлтіксіз сақталатын болады.

***
logo