Четверг, 07 Сентябрь 2017 17:41

Ахметов пен Мамайдың бостандыққа шығуы ненің белгісі? Избранное

Бүгін журналист Жанболат Мамай ісіне қатысты сот аяқталып, судья айыпталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі. Мұның алдында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, 2015 жылдың желтоқсанынан бері қамауда отырған Серік Ахметовтың де жазасын өтеу тәртібі қайта қаралған болатын. Экс-премьер 21 қыркүйекте бостандыққа шығатыны хабарланды.

Осы және елдегі басқа да оқиғалар Қазақстанның саяси өмірінде белгілі бір деңгейде жылымық орнай бастағандай әсер қалдырады. Мұны мемлекет басшысының жасының ұлғаюына орай болуы мүмкін ірі ауыс-түйістер қарсаңындағы саяси қадам деушілер де бар. 

«Билік транзиті» соңғы он жыл шамасында Қазақстандағы саяси ортада талқыланатын негізгі тақырыптың бірі болып келеді. Жыл басында жарияланған саяси модернизация туралы бастама, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта қарау бұл әңгімелерге жаңаша қарқын беріп, осы тараптағы болжамдардың қайта жандануына себеп болуда. Әрине, билік транзиті, саяси элитаның ол кезеңдегі әрекеті үлкен әңгіме, күрделі процесс. Ал, мына саяси сипаты бар делінген қос азаматқа қатысты үкімдер сол күрделі процестің бір бөлшегі ғана.

Жанболат Мамай жас болғанымен, саясат сахнасында есімі біршама танымал журналист. Журналистігінен бөлек түрлі саяси оқиғаларға, мемлекеттік билік жүйесіне қатысты өзіндік ұстанымы бар тұлға. Оның қудалануын тек өзінің кәсіби қызметі, саяси ұстанымдарымен байланыстыру жеткіліксіз. Тағылған айып та оның сыртқы күштермен, атап айтқанда шетелде жасырынып жүрген экс-банкир Мұхтар Әбіләзовпен байланысына қатысты болды. Сот, тергеу қорытындысы бойынша журналист бас бостандығынан айырылмағанымен, аталған іс М. Әбіләзовке тағылған айыптарды қуаттаушы құрал қызметін атқарды. Яғни, Ж. Мамай бостандыққа шыққанымен, М. Әбіләзовке тағылған айыптар күшінде қалды.

Ал, С. Ахметовке қатысты жаңа шешімге келетін болсақ, экс-премьердің бостандыққа шығуының сыр-сипаты өзіндік ерекшеліктерге ие. Оған қатысты тергеу амалдары басталған сәттен бастап-ақ қоғамның басым бөлігі С. Ахметовтың жемқорлық қылмыстарға қатысы бар деген айыптарға сенген жоқ. Соңғы сот отырысына дейін Ахметовты ақтау жөніндегі үкімді күтті. Алайда, алғашқы сот инстанциясы С. Ахметовты және бірнеше лауазымды тұлғаны айыпты деп тауып, экс-премьерге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Апелляциялық сатыда С. Ахметовтың жазасы 8 жылға қасқарды. Қаңтар айында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтелмеген жазасы тағы да 4/1 бөлікке, яғни, 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқартылды. Осы орайда, алғашқы сот сатысында-ақ Ахметовпен бірге тергелген бірнеше лауазымды тұлғаның кінәсіз деп танылғаны, бірнешеуіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалғанын айта кету керек. Аталған іс бойынша тағы бір танымал фигура Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев те бес жылға бас бостандығынан айырылып, кейін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты.

Яғни, саясаттағы жылымық туралы сөз қозғауға да осы Серік Ахметовтың бостандыққа шығуы негіз болып отыр. Бұл «жылымықтың» қаншаға созылатыны, қамауда отырған тағы қандай танымал тұлғалардың жазасы жеңілдейтіні әзірге белгісіз.

Жеңіс САБЫРЖАНҰЛЫ

«Қамшы» сілтейді

Новости

logo